Бап. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың функциялары

1. Орталық уәкiлеттi орган:
1) заң бұзушыларға көзделген заңнамалық шараларды қолдана отырып, жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына;
2) мемлекеттiк жер кадастры мен жер мониторингінің дұрыс жүргізілуіне мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
2. Жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган:
1) мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;
2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;
4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;
5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы беруiне;
6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;
7) жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарын болғызбау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы өтініштерін (өтiнiшхаттарын) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуына;
9) межелiк белгiлердiң сақталуына;
10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;
11) бүлiнген жердiң қалпына келтірілуіне;
12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
13) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
3. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың функцияларына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәселелер кiредi.
Ескерту. 147-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).



Бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен мiндеттерi

1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа талап-арыз дайындауға және беруге;
5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
8) мемлекеттiк органдардан жер қорының жай-күйi туралы статистикалық ақпаратты алуға;
9) жерге құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
2) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға мiндеттi.
3. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (шешiмдерiне) және әрекеттiң жасалуына (шешiмдердiң қабылдануына) негiз болған ақпаратқа жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым берiледi.
4. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыруға кедергi жасайтын лауазымды және жеке тұлғалар, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш жұмсау қаупін төндіретiн немесе күш жұмсау әрекеттерiн қолданатын лауазымды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Ескерту. 148-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2007.07.26 N 311, 2010.03.19 № 258-IV, 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.




4357581634296202.html
4357605894537014.html
    PR.RU™